⭐⭐ Қадір түнін қалай өткіземіз? 1. Дайындық. Қадір түні – аса қасиетті әрі қадірлі түн. Сондықтан бұл мерекеге алдын-ала мынадай дайындықтар жасағанымыз жөн: – Рамазан айында бастаған Құранды аяқтап, хатым еткен дұрыс. – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дүниеде ризық-несібесінің мол болуын, өмірінің ұзақ болуын қалаған адам туысымен тату болсын» және «Туысынан қол үзген адам жәннатқа лайық емес» -деген. Сондықтан ренжіскен кісілер болса тезірек татуласу – Қадір түніне дайындықтың бірі. – Қадір түні ерекше түн болғандықтан рухани және сырттай дайындалған жөн. Рухани дайындық – ниеттеніп Алладан іштей жақсы дұға тілеу болса, сырттай дайындық – дәрет алып, Құран оқу т.с.с. болмақ. 2. Ұйқысыз өткізу. Бір хадисте: «Кім Қадір түнін шын иман және ықыласпен ұйқысыз өткізсе, оның бұрын-соңды істеген күнәлары кешіріледі»,- делінген. 3. Намаз оқу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Қадір түні бір сағат немесе қойшы қойдың қарнын тойдырғанындай шамада намаз оқыса, Алла тағалаға жыл бойы ораза ұстағанынан артық болады» -деген. 4. Құран оқу. Тағы бір хадисінде: «Қадір түні Құраннан бір аят оқу басқа кезде Құранды толық хатым етіп оқығаннан жақсы» -деген. 5. Тәубе ету. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әнас (р.а) жеткізген мына бір хадисінде: «Адам баласының әрбірі қателеседі, олардың ішіндегі ең жақсысы – тәубе еткендері» делінген. Тәубе ету дұғасы: «Әстағфирруллаһ әл азийма уә әтуубү иләйк». 6. Дұға ету. Осы түні Құраннан, хадистен келген және өз тілектеріңізді көп-көп қайталап, табанды түрде Алладан тілеңіз. Қадір түні дұғасы: «Аллаһума иннәкә афуун тухиббул афуа фаъфу аннии». «Алла тағалам! Сөзсіз, Сен кешірімдісің. Кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр!». 7. Тәсбих және салауат айту. Мыс: «Субханаллаһ» (Алла пәк), «Әлхамдулиллаһ» (Аллаға мадақ), «Лә иләһә илләллаһ» (Алладан басқа Тәңір жоқ), «Аллаһу әкбар» (Алла ұлы). Салауат: " Аллаһүммә салли уә саллим уә бәрик аләә сәйидинә Мухаммадин уә аләә али сәйидинә Мухаммад". 8. Садақа беру. «Дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жала толқынын дұға тілекпен тойтарыңдар» (Ибн Масғұд (р.ғ.) жеткізген хадис). Міне, осы аталған ізгі амалдарды орындап Жаратушымыз Қадір түнінде сауапқа кенелуімізді жазсын!

Теги других блогов: Қадір түні дайындық намаз оқу